

Түп-тамырымызды жете танудың жолы
Саналы ғұмырының 45 жылын ежелгі далалықтардың өткеніне куәлік берер табылған қазба деректердің, жазба деректердің, ауызша деректердің мәліметтерін кейінгі жетілген әлемдік ғылымның жетістіктерімен салыстыра, салғастыра зерделеп, бірнеше еңбек жазып, ғылыми ортадан соның лайықты бағасын ала алмай, торығып жүрген мен үшін Елбасымыздың 21 қараша күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы ерекше қуат берген, атқарған ісімнің пайдалылығына сенімімді арттырған рухани тіректей болды. Мақалада айтылған ой-тұжырымдардан өзімнің тарихқа деген ұстанымымның дұрыстығын, бағыт-бағдарымның айқындығын көрдім. Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне орай Президентіміздің: «Біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», деп нақты санамалап көрсеткен алты ірі жоба тезірек жүзеге асса екен деп тіледім.
Елбасымыз аталмыш мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», деп бастап, мұның «жай ғана әдемі афоризм еместігін» ескертіпті. Айтылған ойдың астарынан «бұл – тарихи шындық» деген тұжырым сығалап тұр. Демек уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған осы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі күрделі түйінін шешуге ұмтылу – баршамызға ортақ міндет. Басқаша айтқанда, төл тарихымыздың төлтума болмысын өзіміз ғана біліп қоймай, оның ешкімнің тарихынан кем еместігін өзгелерге де танытарлық тарихқа деген дұрыс ұстанымымыз болуы қажет. Бұл ретте Президент мақаласында санамалап көрсеткен Ұлы Даланың жеті қыры арқылы біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға ежелгі ұлыдалалықтардың адамзат баласы жасаған өркениеттің бастауында тұрғанын меңзеп, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті» дейді. Шындық сөз. Расында да, оған қажетті дәйектер жетіп-артылады. Тек көре білер көз, тани алар мол таным, жүзеге асырар ынта болсын деңіз.
Біздің бай тарихымыз бар. Бұл – Елбасымыз мысалға келтірген немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамаларындағы баяндалған жетістіктерден артып түспесе, бір де кем емес тарих. Бірақ біздің тарих, өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеленбеген, хатталып қағазға түспеген тарих. Мұның бұлай болуының себептері де сан алуан. Бұл ретте Елбасы өзінің мақаласында: «Еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», дейді. Шынында, ғылымда үстемдігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалауларына қарай төбебилік жасауға әбден машықтанып алған еуроцентристік бағыттағы ғалымдар соңғы ғасырларда өзгелермен санасуды біржола жиып қойып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға, жаздыруға қол жеткізді. Соған орай өздерінің жеке тұжырымдарын, Л.Н.Гумилев айтқандай, «талдап, талқылауға жатпайтын ғылым жетістігі» ретінде ғылымға енгізді. Осы арқылы өз танымдарын өзгеге теліп, адамзат баласының кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсінікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениеттілер», «мәдениеттілер»; ал оған сай келмейтіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тану заңдылыққа айналды. Соның нәтижесінде еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы – білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осының салдарынан көшкінші халықтар уақыт өте келе ғылыми танымды былай қойып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қарапайым өмірлік төл танымын да еуропалық таныммен алмастыруға мәжбүр болды. Бұған көрнекі айғақ ретінде қазіргі таңда Шығыс халықтарының алыс пен жақынды өз таным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс елдерімен шектесіп жатқан шалғай өңірді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Мұның тек еуропалықтар үшін ғана солай, ал өздерінің таным-түсініктеріне мүлде кереғар екенінде қазір ешкімнің шаруасы жоқ. Өкініштісі, бұл тек географиялық танымға ғана қатысты емес-ау!..
Қазіргі ұрпақтың тарихи санасы, міне, осындай жағдайда, яғни еуропалық таным-түсінікте жазылған тарих негізінде қалыптасты. Сол себепті де байырғы отырықшылар мен көшкіншілердің бүгінгі ұрпақтары бұл күнде өздерін қанша жерден жан-жақты білімдіміз, тарихи сауаттымыз дегендерімен, жасыратыны жоқ, әлі күнге өздерінің ежелгі ата-бабалары жөніндегі тарихи таным-түсініктері осындай. Ішкі түйсік қарсылығына қарамастан, бірі – өздерін ежелгі өркениеттілердің, екіншісі – өздерін ежелгі жабайылардың ұрпағымыз деп сезінеді. Өйткені тағылым алар ортақ тарих танымы ұрпақ санасын осылай қалыптастырған.
Президент мақаласында осы қалыптасқан қасаң тарихи сананы қайта жаңғырту қажеттігін қадап айтып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын атап-атап көрсетіпті. Алдымызда енді соны науқанға айналдырмай, аса біліктілікпен, іскерлікпен ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Тарихты қолдан жасауға болмайды. Бірақ бар тарихқа байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет болмақ. Тарихқа қалам тартқан әр тарихшының оқумен тапқан білімін, өмірден түйген білігін домбыраның сазды әуен шығарған қос шегіндей үйлестіре білумен бірге, қаламына өзінің ар-ожданын қатаң бақылаушы еткені жөн. Сонда ғана ұлтына, адамзатқа адал қызмет етіп, ұрпақ санасын дұрыс қалыптастыратын тарих жазылмақ.
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері